Пятница, 22 09 2017
Войти Регистрация

Войти в аккаунт

Логин *
Пароль *
Запомнить меня

Создать аккаунт

Обязательные поля помечены звездочкой (*).
Имя *
Логин *
Пароль *
Подтверждение пароля *
Email *
Подтверждение email *
Защита от ботов *

Мухтар Ауэзов. Аспирантские годы

  • Вторник, 12 сентября 2017 14:05

           В данной статье рассматривается творческий путь аспиранта М.Ауэзова,  обучавшегося в Среднеазиатском государственном университете (1928-1930 гг.). В годы учебы в Ташкенте М.Ауэзов изучал историю казахской литературы, восточные языки и читал лекции по Абаеведению. В данной статье раскрывается роль его преподавателей в САГУ, М.Ф.Гаврилова и профессора А.Э.Шмида, которые оказали большое влияние на его научно-исследовательскую деятельность в изучении киргизского эпоса «Манас».

 

А.Болсынбаева

Аспирант М.Әуезовтің шығармашылық өмір жолы

 

         М.Әуезовтің өткен өмір жолы небір қилы кезеңдерге толы. Ол қоғамдық талас-тартыстардың қиын жолын басынан кешірді. Қуғын да көрді, жазушылық ізденістері де сынға ұшырады. Сол жастық кезеңіндегі жеңістері мен жеңілістері, күйініші мен сүйінішінің біразы Ташкент қаласымен тығыз байланысты.

         М.Әуезовтің ең алғаш Ташкент жеріне ат басын бұрғаны 1922 жылдың күзі. Онда ол Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы болып қабылданды. Сол кездің өзінде-ақ тек оқумен ғана шектеліп қалмай ғылыми, шығармашылық жұмысқа, әсіресе баспасөз ісіне қызу араласып, «Ақ жол» газетінің редакциясында келісіммен қызмет етті. 1922-1923 жылдар аралығында шыққан Түркістан автономиялық республикасы Орталық Атқару Комитетінің білім, әдебиет, шаруашылық, саяси журналы «Шолпанның»  шығарушылар алқасының мүшелерінің бірі болды. Түркістан өлкесі бойынша шыққан аталмыш газет-журналдардағы алғаш жарияланған көркем туындылары мен проблемалы мақалалары арқылы қалың оқырман қауымға кеңінен танылып,  Ташкенттің зиялы қауымына өзіндік ізденісімен әсер қалдырды.

          «Шолпан» журналының  1922 жылғы 2-3-сандарында бірсыпыра әңгімелері мен мақалалары жарық  көрді.    «Қазақ қалам қайраткерлеріне» (Ашық хат) деген мақаласында ол өзінің көркемдік талаптарын нақты білдірумен бірге, соның ішінде көркем шығарманы саясатпен араластырып, оның үгіт-насихаттық сыпатына ғана назар аударатын баспасөз ұжымдарын қатты сынға алды. «Шолпан» журналының ондай жалаң саясаттан баc тартатынын мәлімдеді. Соңынан өзінің осы ашық хаттағы пікірлері үшін қатты сынға ұшырады.  Ал, «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласында төл әдебиетіміздің інжу-маржандары толық жиналмағандығы, бір жүйеге келтірілмегендігі жөнінде ой қозғайды, онда қазақ әдебиетін үш кезеңге бөліп қараудың алғашқы жобасын ұсынады: халық ауыз әдебиеті, көшпелі кезең әдебиеті және жазба әдебиет сияқты кезеңдердің әдебиет үшін маңыздылығымен, міндеттерін белгіледі. Жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі алғашқы мақалалары мен салмақты, терең ойлы зерттеулерінде («Қазақ әдебиетінің тарихын жасау мәселелері») қазақ әдебиеттану ғылымының бүгінгі даму сипатын айқындап, жаңа белестерге көтерді.  Сондай-ақ  «Түнгі ауыл», «Оқыған азамат», «Қыр суреттері» деген әңгімелері «Шолпан» журналының екі санында басылды. Сонымен бірге Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі – Мәжнүн» дастанының аталмыш журналда жариялануына М.Әуезовтің септігі болды. Шәкәрімнің бұл дастанын баспаға даярлауда шағын алғысөз жазып соңынан «Басқарма» деп қол қойған журналдың дәл осы санында М.Әуезовтің алты туындысы қатарынан жарияланған. Солардағы өзінің атын үстемелеп, қайталамас үшін  қолданған бүркеншік аттары: «Жаяу сал», «Қоңыр», «Мұхтар», «Басқарма атынан Мұхтар Әуезов». 1922 жылдың өзінде М.Әуезов Абай мұрасын насихаттап, зерттеумен шұғылданды. Тіпті, 1923 жылы Ташкенттегі Орман шаруашылығы техникумында қазақ тілі мен әдебиетінен Абай еңбектерінің маңыздылығы жайында лекция оқиды.  Бұның барлығы М.Әуезовтің САГУ-де еркін тыңдаушы болып жүргенде атқарған жұмыстары.

         1923 жылдың 9 майындағы Түркістан мемлекеттік университетінің басқармасында М.Әуезов қоғамдық ғылымдар факультетінің студенттер құрамынан өз таңдауындағы мамандықтың болмау салдарынан шыққаны жайында мәлімет беріледі. Түркістан Мемлекеттік Университеті (ТурГУ) 1919 жылы 30 тамыз айында ресми түрде ашылған.  Университет РСФСР халық комиссарлар Кеңесінің қарауында болған. 1923 жылы 17 шілде айында Түркістан Мемлекеттік Университеті Орта Азиялық Мемлекеттік Университет (САГУ) деп аталып, ректоры А.А.Знаменский болды. Осы жылы ректордың ұсынуы бойынша, Тұрар Рысқұлов университеттің ғылыми Кеңесінің мүшесі болып сайланды. М.Әуезов пен Т.Рысқұловтың алғашқы таныстығы да осы жылы басталып, М.Әуезов Ленинград университетіне арнайы   жолдама   алып,   оқуға   түсті. М.Әуезовтің Т.Рысқұловпен таныстығы 1927жылы жазылған «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінің жазылуына арқау болды.

          Ал, 1928 жылы қыркүйек айында Ташкентке, Орта Азия мемлекеттік университеті шығыстану факультетінің түрік филологиясы кафедрасының қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша аспирантурасына қайта оралады. 1928 жылдың мамырынан 1929 жылдың қыркүйегіне дейін Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директоры, қазақ жастарының әдеби бірлестігінің жетекшісі Сәкен Сейфуллин өз бұйрығымен М.Әуезовті,  арнайы жалақы тағайындап, орыс және қазақ әдебиеті тарихынан оқытушылық қызметіне алады.  Жазушы сонымен бірге Орта Азиялық Коммунистік Университеті (САКУ) тыңдаушыларына   ақылы   сағатпен   дәріс   оқыған.

         САКУ орысша аталуы (Средне-Азиатский Коммунистический Университет им.В.И.Ленина) САГУ-дің жанынан ашылған партия, комсомол мектептері болатын. САКУ негізінен Түркістан өлкесіндегі партия, комсомол кадрларын дайындайтын оқу орны болды. Бұл Кеңес үкіметі кезіндегі Жоғары партия мектебі, комсомол мектебі сияқты оқу орындарының ең алғашқы ашылған үлгісі еді. Бұл партиялық оқу орнында САКУ-де (Средне-Азиатский Коммунистический Университет) Түркістан өлкесіндегі жергілікті өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, тәжік ұлтының өкілдері оқыды. Өйткені Ташкент Орта Азия халықтарының мәдени орталығы болды. Осы оқу орнында М.Әуезов сабақ беріп, САКУ-дің оқушылары мен оқытушылар құрамы жайында «Кедей айнасы» журналының сұрауы бойынша «САКУ-дің оқушылары мен оқытушылары» деп аталатын көлемді мақаласын жазады. Бірақ журналдың редакторы ақын Зиябек Рүстемов журналға түскен бұл мақаланы арнайы ескерту жасап, қысқартып тастаған.

         М.Әуезов өзінің «САКУ-дің оқушылары мен оқытушылары» деп аталатын мақаласында оқушылар мен оқытушылардың партиялық, әлеуметтік, ұлттық құрамы мен 19 бен 30 жас арасындағы жастық құрамы жөнінде нақтылы әрі қызықты дерек-мағлұмат берумен қатар, САКУ-дің ішіндегі әйелдер курсы, баспа қызметкері (журналистер) курсы, комсомол университеті деген оқу орындары болғандығын, олар қандай қызмет атқарғандығы жайынан хабардар еткен.

         Осы кезде М.Әуезовтің әдебиеттанудағы ғылыми жұртшылыққа (ойға) қозғау салған «Әдебиет тарихы» атты монографиясы 1927 жылы Қызылорда қаласында жарияланды. Бұл еңбек жазушының ғылым жолында жан-жақты даярланған бірегей аспирант екенін танытты. М.Әуезовтің аспирант ретіндегі ең ірі зерттеулерінің бірі – «Манас». Жазушы арнайы ғылыми іс-сапармен Фрунзе қаласына барып, деректер жинастырған. 1930 жылы 18 наурыз айында САГУ-дің шығыстану факультетінің аспиранты М.Әуезов бір жыл аралығында атқарған жұмыстары жайлы берген жазбаша есебінде «Манас» жырын орындаушылар мен тыңдаушы орта» деген бірінші бөлімін аяқтағанын, жыр жайындағы зерттеуін болашақта монография етіп,  бірнеше бөлімдерден тұратындығын айтқан. «Манас» эпосы жайлы 1929 жылдың қарашасында тұңғыш ғылыми баяндамасын жасап, ғалымдар назарын өзіне қаратқан болатын. 1930 жылы 20 наурызда шығыстану факультетінің мәжілісінде М.Әуезовтің бір жылғы есебі бойынша сөйлеген профессор М.Ф.Гаврилов: «... қазақ-қырғыз әдебиеті саласында ол өте бағалы ғылыми қызметкер бола алады. Жұмысын жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізеді» – деп қысқаша баға берген.  Бұның өзі жас аспиранттың ғылымға ізденушілікке  ерекше ден қойғанын көрсетеді.

         Аспирантурадағы ғылыми жетекшісі Михаил Филипович Гавриловтың тапсыруымен М.Әуезов Қожа Ахмет Ясауидің «Дивани хикметін», өзбек әдебиетінің классигі Ә.Науаидің шығармаларын, Осман түріктері мен түркмен эпостарын оқып, шағатай, түркмен жазба әдебиеті түп нұсқаларымен жүйелі түрде жұмыс істеген. Тілдерді үйрену саласында да шағатай, әзербайжан, түрік әдебиетін жете меңгеру үшін парсы тілін үйренгенін, кафедра оқытушысы А.А.Семенов «қазірдің өзінде М.Әуезовтің екі жыл бойы парсы тілін оқыған аспиранттармен бірдей жақсы даярлығы бар» деп атап өткен. Университет профессоры А.Э.Шмидттің қосымша сабақтар өткізуі арқылы араб тілін де меңгерген.  Шығыс әдебиетін оқып, тілін меңгергені, шығыстың идеялық-көркемдік озық жетістігін қабылдағаны, бейнелік, тілдік қазынасын сіңімді пайдалануы кейінгі жазушылық тәжірибесінен танылып, қазақ әдебиетінің тілін байытуға септігін тигізді.  Мәселен «Абай жолы» романындағы оба ауруының тұсы, молдалардың өзара тартысында: « – Әфәндім Сармолла. Мен сізді тыңдадым, тыңдадым да таныдым. Білдім, енді халас! Бір ғана нариза уәһәм хақиқат сөзімді айттым. Сіз ғайыплысыз, қайтыңыз тез қателік жолдан, тыйылыңыз, фәләкәттан!». Мұндай мысалдарды «Абай жолы» романының өн бойынан молырақ кездестіруге болады. М.Әуезовтің сөздік қорындағы шығыстың бейнелік сөздерінің қолданылуы кездейсоқтық емес, Ұлы ақын Абайдың көркем тұлғасын жасау үшін Абайдың өзі меңгерген тілдерді білуі қажеттілік еді. Көршілес, түбірлес шығыс халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін, тілін үйрену, тарих пен әдебиеттің байланысты тұстарын тануда және оны насихаттауда аспирант М.Әуезов көп нәрсеге ие болды, тыңнан жол салды.  Қазақ әдебиетіне шығыс тақырыбын алып келушілердің бірі болды.      

         М.Әуезов аспирантурада тек ғылыммен ғана айналыспай лекция оқыған, оқулықтар жасап, ғылыми үйірме жұмыстарына араласты. 1930 жылы  Қызылорда қаласында «Қазақстан» баспасынан «Жеткіншек» деп аталатын оқу құралы жарық көрді. Ересек жастар мектебіне арналған бұл оқу кітабы үлкен екі бөлімнен тұрды. Бірінші «Қазақстан» деген бөлімінде Қазақстанның жер байлықтары, ауа райы, ауыл шаруашылығы,  қазақ халқының тұрмыс-салты жайында деректер беріледі, екінші бөлімі «Кеңес Одағы». Бұнда одақтың өндірісі, индустриялау, еңбекші табының жеңісі қысқа көлемдегі мәтін түрінде берілген. Оқулықтың тілі өте ұғынықты, жатық, жеңіл тілмен жазылған. Кезінде бұл оқулық бүкіл бір ұрпақты тәрбиелеуде үлкен қызмет атқарды. Қазіргі кезеңде мектептегі бастауыш сыныптар үшін «Қазақстан» деген бөлігін пайдаланған өте тиімді болар еді. Сондай-ақ 1929 жылы  жазушы белгілі әңгімесі «Көксеректі» осы Ташкент қаласында жазып, «Жаңа әдебиет» журналында бастырған. 24 қараша 1930 жылы аспирант Әуезов пен Кемеңгеров САГУ-дің № 232 бұйрығы бойынша аспирантурадан шығарылып, қамауға алынады.  Жас аспирантқа тағылған айып оның ұшқыр ойлы арманына, мақсатына тұсау болды.

  

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  

  1. М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 3-том. А., Ғылым. 1998.
  2. М.О.Әуезов өмірі мен шығармашылық шежіресі. А., Ғылым. 1997.
  3. Мұхтар Әуезов әлемі. А., Жазушы. 1997.

 

 

Прочитано 282 раз
Авторизуйтесь, чтобы получить возможность оставлять комментарии